Министрліктің кейбір функциясы өзгереді
Ішкі істер министрлігіне экстремизм мен терроризмге қатысты істерді ашу үшін құзырлы органдардың қызметін үйлестіру құзыреті беріледі. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.
«Ішкі істер министрлігі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан ішкі істер органдарының мүдделі қызметтері арасында өзара іс-қимыл жасасуды қамтамасыз етеді», - деп жазылған Үкімет қаулысының жобасында.
Құжатта бұл бастаманың экстремистік және террористік ұйымдардың қылмысын ашу үшін құзырлы органдардың қызметін орталықтандыру мақсатында ұсынылып отырғаны жазылған.
Бұл шара экстремистік және террористік ұйымдардың қылмысын, сондай-ақ криминалды бағыттағы деструктивті діни ағым ұстанушылары жасаған қылмыстарды ашу және тергелуін одан әрі сүйемелдеуге қатысты криминиалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерімен ІІО құзырлы қызметтерінің жұмысын орталықтандырып, үйлестіруге мүмкіндік береді, - деп жазылған құжатта.
Қаулы 13 наурызға дейін ашық талқыланады.