Астаналықтар «Ордабасы» клубын 2:1 есебімен ұтты
«Астана-Арена» стадионында «Астана» клубы Шымкенттің «Ордабасы» командасын 2:1 есебімен ұтып, Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды.
«Астана» былтырғы футбол маусымында еліміздің чемпионы атанса, «Ордабасы» Қазақстан Кубогының иегері болған еді.
Бірінші таймда командалар матчтағы барлық голдарын салып үлгерді. Әуелі 8-минутта Алекса Аманович есеп ашып, «Астананы» алға шығарды. Арада бір минут өтер-өтпесте шымкенттіктер таразы басын теңестірді. Оны шұғыл қарсы шабуыл барысында Еркебұлан Тұңғышбаев баспен ұрып түсірді. Ал 38-минутта «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіленді. Оны Дембо Дарбо жақсы пайдалана білді.
Есеп осыдан кейін кездесу соңына дейін өзгерген жоқ.
Бүгін сондай-ақ Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы Ульяновскіде жергілікті «Волгамен» Ресей Кубогының 1/32 финалдық ойынын өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Матчқа жеңімпаздар сапында қазақстандық Нұралы Әліп бастан-аяқ қатысты.
Осы күні сол сияқты Ташкентте «Пахтакор» мен Алматының «Қайраты» жолдастық кездесу өткізді. Матч 4:3 (2:1) есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.