×

Футбол. «Астана» –  Қазақстан Суперкубогының иегері

Астаналықтар «Ордабасы» клубын 2:1 есебімен ұтты

 Дастан Жұмабекұлы 25.02.2023 | 23:35
фото: ашық дереккөз

«Астана-Арена» стадионында «Астана» клубы Шымкенттің «Ордабасы» командасын 2:1 есебімен ұтып, Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды.

«Астана» былтырғы футбол маусымында еліміздің чемпионы атанса, «Ордабасы» Қазақстан Кубогының иегері болған еді.

Бірінші таймда командалар матчтағы барлық голдарын салып үлгерді. Әуелі 8-минутта Алекса Аманович есеп ашып, «Астананы» алға шығарды. Арада бір минут өтер-өтпесте шымкенттіктер таразы басын теңестірді. Оны шұғыл қарсы шабуыл барысында Еркебұлан Тұңғышбаев баспен ұрып түсірді. Ал 38-минутта «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіленді. Оны Дембо Дарбо жақсы пайдалана білді.

Есеп осыдан кейін кездесу соңына дейін өзгерген жоқ.

Бүгін сондай-ақ Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы Ульяновскіде жергілікті «Волгамен» Ресей Кубогының 1/32 финалдық ойынын өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Матчқа жеңімпаздар сапында қазақстандық Нұралы Әліп бастан-аяқ қатысты.

Осы күні сол сияқты Ташкентте «Пахтакор» мен Алматының «Қайраты» жолдастық кездесу өткізді. Матч 4:3 (2:1) есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама