×

Алматыда 37 мың оқушыға арналған 22 мектептің құрылысы басталмақ

Сондай-ақ 50 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

 Динара Амантай 25.02.2023 | 14:50
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өткен жылдың қыркүйек айында қабылданған «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» стратегиясын іске асыру аясында біз сапалы білім беруді дамыту бойынша жол картасын әзірледік. Бүгін біз қол қойған Жол картасы орта білім беру мәселелерін шешу, педагогтеріміздің біліктілігін арттыру және басқа да маңызды мәселелермен толықтырылғанына қуаныштымын, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алматы қаласы әкімдігі мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2029 жылға дейін балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты 35 мың орынға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 мың оқушыға арналған 22 мектептің құрылысын бастау жоспарланды. Орта білім беру ұйымдарына тағы 30 мектеп пен 9 қосымша құрылыс салу 2025 жылға дейін орын тапшылығын 23 мыңға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 50 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, 200-ге жуық мектепке заманауи пәндік кабинеттер мен интерактивті тақталар алынады. Жыл сайын екі мыңға жуық педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Сонымен қатар биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың алғашқы аймақтық ресурстық орталығы құрылады.

Алматының 18 мыңға жуық педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, мектептердің басшылық құрамының 450 өкілі халықаралық менеджмент бағдарламаларын оқиды, тағы 9 мың педагог функционалдық сауаттылықты, цифрлық құзыреттіліктер мен дағдыларды қалыптастыру бағдарламалары бойынша оқытылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтамасыз ету үшін колледждерде мемлекеттік тапсырысты 20 мыңнан астам орынға көбейту жоспарлануда, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама