×

ШҚО-да 180-нен аса қызметкерге жалақы төлемеген кәсіпорынға айыппұл салынды

Мекемеде 9 айда 125 млн теңге сомасында жалақы бойынша берешек қалыптасқан

 Динара Амантай 25.02.2023 | 12:02
Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында тау-кен өндіру кәсіпорындарының бірінің 182 қызметкерінің жалақысы бойынша берешегі өтелді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, проблемалық кәсіпорындарды уақтылы анықтау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіліп, берешекті төмендету бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлескен шаралар қабылданған.

Атап айтқанда, прокуратураның үйлестіруімен және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің белсенді қатысуымен «Востокшахтострой» АҚ қызметкерлеріне жалақы бойынша берешекті төлеу мәселесі шешілді. Кәсіпорында соңғы 9 айда 182 қызметкердің алдында 125 млн теңге сомасында жалақы бойынша берешек қалыптасқан. Осы жылдың 24 ақпанында қабылданған шаралармен көрсетілген сома толық көлемде өтелді.

Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін «Востокшахтострой» АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 2,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ, кеше Өскемен қаласы прокуратурасының басшылығы аталмыш кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Қызметкерлерге жұмыс орнында алған жарақаттары үшін оларға тиесілі жәрдемақыларды өтеу, сондай-ақ, зейнетақылық, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру төлемдерін төлеу жөніндегі шаралар түсіндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама