Мәселені тек халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаттары негізінде бейбіт жолымен шешуге балама жоқ
Сыртқы істер министрлігі Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс бойынша Қытайдың ұстанымына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан Республикасы украиндік дағдарысты саяси реттеу бойынша Қытай Халық Республикасының ұстанымын құптай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары негізінде мемлекеттің аумақтық тұтастығы, тәуелсіздігі және егемендігі негізінде қантөгісті тоқтатуға көмектесу ретінде қолдауға лайық екенін білдіреді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство бұл мәселені тек халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаттары негізінде бейбіт жолымен шешуге балама жоқ деп санайтынын жеткізді.
Бұған қоса әскери қақтығысқа қатысушы тараптардың ізгі ниет танытуын, ұрыс-қақтығысты тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруын, ал әлемдік қоғамдастықтың жағдайды барынша дипломатиялық жолмен шешуге үлес қосуын жақтаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан Қытай Халық Республикасының Жаһандық қауіпсіздік бастамасының тұжырымдамасында айқындалған біздің мемлекеттеріміздің бүгіндегі өзекті мәселелерді шешуінің ұқсастығын атап өтеді, – делінген мәлімдемеде.