Сегіз баласын «асырау» үшін соғысқа кеткен ресейлік қазақ қаза тапты
Зәуреш пен Жарқын мұнда Қазақстаннан 2011 жылы көшіп келіпті
Ресейдің Түмен облысының қазағы, 8 баланың әкесі Жарқын Игісінов «отбасын асырау» үшін өзі сұранып соғысқа кетіп, ол жақтан өлігі ғана қайтты. Бұл туралы «72.ru» хабарлады.
Зәуреш және Жарқын Игісіновтер (орысша нұсқасында «Игасанов» – ред.) балаларына жәрдемақы алу үшін формалды түрде ажырасты. Бірақ бұрынғысынша бірге тұра берді. Оларға үнемі ақша жетіспеуші еді, – делінген сайт мақаласында.
Алайда Жарқын украин жерінде 3 ай соғысқаннан кейін оққа ұшып, опат болды.
Күйеуімді Украинадан үйге мырыш табытпен әкелді. Ол үйде бізбен бірге бір түн ғана тұрды. Таңертең, осындағы көптеген деревнялардағы сияқты, онымен көшеде қоштастық. Жарқын ерлікпен қаза тапты. Оны ақтық сапарға шығарып салуға жергілікті әкімшілік, әскери комиссариат өкілдері ғана емес, сонымен қатар қызметтестері де келді. Күйеуімді молданың қатысуымен мұсылман дәстүріне сай жерледік. Бізде кісіні жерлеу үшін алдымен табытын ашып алады. Сосын жуындырып шығып, кілемге орайды. Біз де сөйттік. Жұбайымды соңғы рет бетін ашқанда көрдім. Ал жерлеуге бара алған жоқпын. Онда әйелдердің қатысуларына болмайды, – деді Зәуреш Игісінова сайт тілшісіне.
Зәуреш осы әңгімелерді ақырын айтып жатқанда, оның үлкен балалары кішілерін қастарына алып, көрші бөлмеде отырған. Әйел арасында жылап та алады. Сосын балалар көріп қоймасын дегендей, дәлізге шығып кетеді.
Жарқын Игісінов өткен жылдың күзінде жерленген екен. Ол үнемі тапшылықта өмір сүргесін, «балаларын асырауға» септігі тиетін ақша алып қайтпақшы болып, келісімшартқа отырып, соғысқа өзі сұранып барыпты. Алайда арада 3 ай өткенде, оның мәйіті әкелінген. Сүйек Түменнен 4 сағаттық қашықта орналасқан Қазан ауылындағы үйіне жеткізілді.
Зәуреш күйеуінің «арнайы соғыс операциясына» бармақшы болып дайындалғанына сене қоймапты. Басында әзілдеп отыр екен деп ойлапты. Сөйтсе, Жарқын әйелінен жасырып, Түменге өзі қол қойған келісімшартты жіберіпті. Сол кезде әйелі балаларымен ауруханада жатса керек. Бұл оқиға 2022 жылдың жазында болған. Күйеуі осылайша әйеліне бәрін «болары болып қойғаннан» кейін жеткізіпті.
Жарқынның осында тұратын туған әпке-қарындастары да соғысқа аттанатынын сол кезде білген. Олар мұны бауырлары қаржылай қиындықтан құтылу үшін жасаған деп санап отыр.
Зәуреш өзіне Жарқынның өлімін естіртуге келген шенеуніктер мен военкомат қызметкерлері туралы да айтты. Сол кезде қатты есеңгіреп қалғанын әңгімеледі.
Маған күйеуімнің 24 қазанда қаза тапқанын жеткізді. Сол кезде мұның өтірік болмайтынына сендім. Арада тек бірнеше күн өткеннен кейін ғана мәйіті әкелінді. Әскери құрметпен жерлеу үшін, – деді әйел одан әрі.
Жарқын өзінің кенже ұлын дұрыстап көріп те үлгермепті. Ол вахтадағы жұмысынан келгенде, бала енді туған еді. Содан кейін бірден «арнайы операцияға» аттанып кетіпті. Айта кетсек, бұл ұлы ерлі-зайыптылар «ажырасып» кеткеннен кейін өмірге келген.
Зәуреш пен Жарқын мұнда Қазақстаннан 2011 жылы көшіп келіпті. Олар Түмен облысының Бердүк ауданына келіп қоныстанған. Сол кезде балаларымен бірге тұрғын үй жалдаған. Тек жетінші балалары өмірге келгеннен кейін ғана өздеріне жеке үй сатып алыпты. Алғандары ескі баспана болғасын, оны әбден жөндеп алуларына тура келген.
Біз күйеуміз екеуміз Қазақстанда жүргенде таныстық. Сонда некеге тұрдық. Содан кейін Ресейге көшіп баруға шешім қабылдадық. Мұнда бәрін нөлден бастадық. Басында пәтер жалдадық. 2016 жылы анамның жинаған ақшасына Грачи деревнясынан үй сатып алдық. Оған жарты миллион рубль ақша төледік. Бірақ үй үлкен болғанымен, қыста жылымай шықты. Сосын көп жөндеу жүргізуімізге тура келді. Үй әбден ескірген екен. Тіпті, жанындағы сарайы құлап та қалды, – деді Зәуреш.
Кейін отбасы Қазан ауылына көшкен.
Күйеуі барында жұмыс істемей, үй шаруашылығында болған Зәуреш қазір тұрмыстары тіпті қиындап кеткенін айтады. Оның үстіне, «ажырасып кеткесін» Жарқынға тиесілі ақшаны ала алмай да отыр.
Бұл – Ресейде тұратын барлық жұрт үшін сабақ алуға тұратындай оқиға.