Іс-шара әйгілі қолбасшы, саяси және әскери қайраткер тұлғаның 800 жылдығына орайластырылған
Елордада Бейбарыс сұлтанның аты берілген көшенің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі.
Сарыарқа ауданындағы №189 көшеге Мысыр сұлтанының есімі берілді.
Бұл – ұзындығы 2 шақырымнан асатын алты жолақты көше. Біз мерейтой аясында спектакльдер, ғылыми конференциялар, Мысыр тарапымен бірлескен жобалар, шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов көшенің ашылу рәсімінде.
Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Бейбарыс сұлтанның есімі берілген көше болашақта шаһардағы халық ең көп қатынайтын ірі жолдардың біріне айналатынын атап өтті.
Айта кетейік, Бейбарыс сұлтан – Дешті Қыпшақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл бойы Мәмлүктер мемлекетінің басшысы болған, моңғол шапқыншылығы мен Крест жорықтарына тойтарыс берген беделді қолбасшы.