Әзірше Қазақстан Бокс федерациясы Қоңқабаевтың неліктен рингке шықпағанын айтпады
Болгарияның астанасы София қаласында өтіп жатқан Странджа кубогы үшін халықаралық турнирде екі боксшымыз қарсыластарын жеңіп, алтауы жарыс жолынан шығып қалды.
Күндізгі сессияда Қазақстан құрамасынан бірінші болып шаршы алаңға 51 келіге дейінгі салмақтағы Кенже Мұратұлы шықты. Бірақ турнирге келгелі алғаш рет рингке көтерілген боксшымыз қарсыласынан жеңіліп қалды. Төрешілер жеңісті бір ауыздан үнділік Бишмавитре Чонхгамға берді. Ал ұлттық құрама боксшыларымыздың бірі Абзал Құттыбеков (92 кг) грузиялық Артем Иорданянмен айқаста рефери тарапынан үш рет ескерту алып, дисквалификацияға ұшырады.
Кешкі сессияда 48 келіге дейінгі салмақтағы Ернұр Қайрат грузин Лука Кублашивилиден ұпай бөлісімен жеңіліс тапты. Бұдан әрі 67 келіге дейінгі салмақтағы Темірхан Тезек өзбек Бекзод Хамидовке тап солай жол берді. Ал 86 келіге дейінгі салмақтағы Бекзат Таңатар «өзбек – қазақ дербиінде» Шохжахон Абдуллаевтан осалдық танытты.
Ең соңында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев бұрынғы қарсыласы, өзбек Баходир Жалоловпен шайқас алдында белгісіз себептермен сайыстан шығып қалды.
Әзірше Қазақстан Бокс федерациясы спортшының неліктен рингке шықпағанын айтпады. Осының алдында Қоңқабаев голландиялық Стэн Бертенсті 20 секундта нокаутқа жіберген еді. Одан кейін ол бокстасқан жоқ. Шаршаған да, жарақат та алған жоқ. Жалпы Қоңқабаев пен Жалолов соңғы рет 2021 жылдың мамырында кездескен. Бұл Дубайда өткен Азия чемпионатының финалы болатын. Сол жекпе-жекте өзбек спортшысы жеңіске жетті.
Дерекке сүйенсек, алғаш рет екеуі шаршы алаңда 2015 жылы қолғап түйістірген. Одан кейін екеуінің арасындағы нағыз бәсеке 2017 жылдан басталды. Өйткені сол кезде ғана олар өз елдерінің бірінші нөмірлі боксшысы атанды. Бұған дейін Қамшыбек Қоңқабаев бірнеше жыл Иван Дычконың көлеңкесінде жүрген еді. Иванның көлеңкесінен шыққаннан кейін Жалоловпен 4 рет кездессе де бір жолы болмады. Ол өзбек боксшысынан 2017, 2019, 2021 жылдары Азия чемпионатында, 2019 жылы әлем чемпионатының финалында жеңілді.
Бұл күні Қазақстан құрамасы сапынан тек Оразбек Асылқұлов (57 кг) пен Бекзат Нұрдәулетов (80 кг) қана жеңіс тойын тойлады. Асылқұлов бразилиялық Луис Оливейраны төрешілердің бірауызды шешімімен ұтып шықса, екіншісі сербиялық Артем Агеевке дәл солай тізе бүктірді.
Бекзат Нұрдәулетов туралы айтсақ, ол 2019 жылы әлем чемпионы атанған. Одан кейін кәсіпқойлар лагеріне ауысып кеткен еді. Онда 6 рет рингке шығып, бәрінде де жеңіске жеткен. Екеуін нокаутпен ұтқан. Ал оның кешегі бәсекелесі – негізі ресейлік, Мәскеу түбіндегі Серпухов қаласында туып-өскен Агеев былтыр мамыр айында Ереванда өткен құрлық чемпионатында Сербияға Еуропаның алтын жүлдесін алып берген болатын.