Балуандар Египеттегі турнирді сәтті бастады
Қазір ұлттық құрамада 2 алтын, 2 күміс пен 3 қола медаль бар
Египеттің Александрия қаласында күрестен Олимпиада чемпионы Ибраһим Мұстафа атындағы биылғы екінші рейтингтік турнир басталды. Алғашқы күні грек-рим күресі шеберлері сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.
Әуелі 55 келіге дейінгі салмақта ұлттық құраманың 3 балуаны құрмет тұғырына көтерілді. Финалда Аманғали Бекболатов Марлан Мұқашевтен айласын асырды. Тағы бір отандасымыз Исхар Құрбаев қола медаль үшін таласта 2019 жылғы әлем чемпионы, грузиялық Нугзари Цурцумияны 7:3 есебімен жеңді. Күміс жүлдегер атанған Марлан алғашқы айналымда дәл осы Нугзариді ұтқан. Марлан жуырда Алматыда өткен күрестен ел Спартакиадасының жеңімпазы атанған.
Одан кейін 60 келіге дейінгі салмақта Ернар Фидахметов финалда Түркияның балуаны Керем Камалға есе жіберіп, күміс медальға ие болды. Ал 63 келіге дейінгі салмақта екі қазақстандық – Дастан Зарлыханов пен Мұхаммедәлі Мамырбек қола үшін күресті. Бұл белдесуде Зарлыханов жеңіске жетті.
67 келі салмақтағы Мерей Бекенов өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, елімізге екінші алтын жүлдені сыйлады. Шешуші айқаста ол грузиялық Джони Хецурианиді ұтты. Аса ауыр салмақтағы ел чемпионы Әлімхан Сыздықов қырғызстандық Роман Кимді жеңіп, қола медаль алды.
Қазір ұлттық құрамада 2 алтын, 2 күміс пен 3 қола медаль бар. Грек-рим күресінен қалған үш салмақтағы жүлдегерлер ертең анықталады.