Атырауда ірі көлемде есірткі сақтаған әйел ұсталды

Айнұр Асылбекқызы

Есірткі заттары, тергеу басталды

фото: Атырау облысы ПД баспасөз қызметі

Атырауда адам ірі көлемде​ психотроптық дәрі сақтағаны үшін 48 жастағы әйел ұсталды. Ол тұтынушы азаматтардың құжаттарын кепіл ретінде алып, психотроптық есірткі заттарын қарызға беріп отырған. Бұл туралы ол қаладағы пәтерін тінту кезінде психотроптың дәрілерден бөлек, өзге азаматтардың жеке куәліктері мен құжаттары табылған кезде айтып берді.

Атырау қаласының полицейлері 28 наурыз күні оның қаладағы Береке ықшам ауданында орналасқан пәтерінде​ тінту жүргізу кезінде 114 дана «Трамадол» дәрісі, 18 дана «Лирика» пластинкасы, 82 дана «Тропикамед» дәрі-дәрмектерінің ақ түсті бөтелкесін, 10 дана «Сомнол» дәрі-дәрмектерінің пластинкасы тапты. Бұдан бөлек, пәтердің жатын бөлмесінде 725 дана «Тропикамед» дәрі-дәрмегінің ақ түсті бөтелкесі жатқаны анықталды және 35 азаматтың жеке басын куәландыратын куәліктері мен құжаттары және 1 млн 375 мың теңге ақша табылған. Табылған заттардың бәрі тәркіленді.   

Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, психотропты дәрілерді заңсыз сатқандар бір пәтерде тұтынушыларға дәрі сатса, көрші пәтерде көп мөлшерде психотропты дәрі сақтап отырған.

Айта кетейік, бір ай бұрын дәл осы Береке ықшам ауданында қанды шприцтер табылған болатын. Бұл көпшіліктің наразылығын тудырды. Полицейлер сол ықшам ауданнан психотропты дәрі сатумен айналысқан әйел адамды ұстап, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп, бақылауға алынғанын хабарлады.