БҚО-дағы тікұшақ апаты: тың деректер шықты

Халық үні

Алдын ала мәлімет бойынша тірі қалған екі адам бас пен мидың жабық жарақатын алып, милары шайқалған.

Фото: ҚР ТЖМ

Батыс Қазақстан облысында тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, аталмыш оқиғадан 1961 және 1987 жылғы ер адамдар жарақат алды.

«Алдын ала мәлімет бойынша екеуі де бас пен мидың жабық жарақатын алып, милары шайқалған. Оған қоса бас төбесі соғылған. Екеуі де қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайлары тұрақты», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

23 ақпанда сағат 15:38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті.

Қатты екпінмен қону нәтижесінде «Қазавиақұтқару» АҚ төрт қызметкері қаза тапты.

Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және "ҚазТрансОйл" АҚ-ның 1 өкілі болды.

Экипаждың екі мүшесі зардап шекті, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында апатты жағдайда қонған тікұшақтағы 4 адамның көз жұмғаны хабарланды.