Қазақстан акробатшылары әлем чемпионатының финалына шықты
Жанбота Алдабергенова мен Шерзод Хаширбаев келесі кезеңге жолдама алды
Грузияның Бакуриани қаласында фристайл акробатикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер және әйелдер арасындағы іріктеу жарыстары аяқталды.
Әуелі әйелдер бәсекесінде Жанбота Алдабергенова іректеу сынынан сүрінбей өтіп, финалға шықты. Ол квалификация қорытындысы бойынша 84,10 ұпай жинап, 8-орынға тұрақтады.
Тағы бір отандасымыз Аяна Жолдас 18-ші нәтиже көрсетті. Бұл оның шешуші раундқа өтуіне мүмкіндік бермеді.
Ерлер арасынан тек Шерзод Хаширбаев финалға жолдама алды. Ол да іріктеу сынында 106,79 ұпай алып, 8-орынға табан тіреді.
Басқа спортшыларымыздан Дінмұхамед Райымқұлов 18-ші (87,57 ұпай), Роман Иванов 22-ші (61,33 ұпай), Ұланбәкір Өмірзақов 24-ші (46,98 ұпай) орында қалып қойды.