×

Қазақстанда пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тәртібі енгізілмек

Сенат депутаттары көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстауға мүмкіндік беретін заңды мақұлдады

 Дәурен Ерболат 23.02.2023 | 10:55
фото: strategy2050.kz

Елімізде пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бұл туралы сенаттың жалпы отырсында депутат Бауыржан Қаниев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сенат депутаты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері көрсетілген заң жобасын таныстырды. Заң жобасының мақсаты – тұрғын үйлерді күтіп ұстау тәртібін реттеу, оған азаматтардың белсенділігін арттыру.

Сенатор Қаниевтің сөзінше, заңда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсарту, тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кей қызметін нақтылау көрсетілгне. Сондай-ақ кондоминиум объектілерін басқару, оларды күтіп ұстау жөніндегі жұмыстың ашық болуын қамту, бұл жұмыс барысында пәтер иелерін де қамту жоспарланған.

Депутаттың сөзінше, қазір ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты бірқатар мәселе бар. Оның ішінде үй-жайлардың, жылжымайтын мүлек иелерінің белсенділік танытпауы, кондоминиум объектілерін тіркеу барысындағы қиындықтар және сервистік қызмет көрсететін компаниямен келісімшарт жасау кезіндегі шарттарды да жатқызуға болады.

Бауыржан Қаниев 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық іске асырылмағанына да тоқталды.

Сондай-ақ тұрғын үйді басқарудың жаңа жолына көшу барысында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85 пайызы жай серіктестік нысанына көшкен. Ал 11,5 пайызы мүлік меншік иелерінің бірлестігін таңдағаны айтылды. Ресми ақпарат бойынша, ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың еш тәсілін таңдамағандар да бар. Олардың жалпы саны – 1 436 көппәтерлі тұрғын үй. Депутаттың айтуынша, заңда осы да қарастырылған. Яғни, серіктестік құру барысында пәтер саны бойынша 30 пәтерге дейін шектеледі.

Сондай-ақ тұрғын үй саласына қатысты мәселенің бірі – құрылысы аяқталмаған нысанды пайдалануға беру. Сенат депутаты Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен тұрақты түрде құрылыс нысандарына сырттай бақылау жүргізіледі.

Бақылау шарасының нәтижесінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласында құрылысы толық аяқталмаған және нысанды қабылдағанын растайтын актісі жоқ тұрғын үй кешендеріне тұрғындардың орналасқаны анықталды, - деді Бекбол Орынбасаров.

Айтуынша, бұл мәселе елдің басқа өңірлерінде де бар. Депутат Астана және Алматы қаласында да мұндай жағдайдың жиі тіркелетін айтып өтті. Осындай жағдайда кәсіпкерлік субъекті әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, айыппұл салынады. Алайда кей кәсіпкер оны елемейді. Содан кейін құрылыс аяқталмаған үйге көшіп барған тұрғындар жергілікті әкімшілікке барып, су, жылу, жарық жүргізуді талап етеді. Қойған талабы орындалмаса, шеру ұйымдастыратындарын да айтады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмас Ыдырысовтың айтуынша, бұл мәселе ең алдымен тұрғындардың әрекеті салдарынан туады. Себебі азаматтар сатып алған үйіне жылдам қоныстанғысы келеді.

Олар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пәтеріне тезірек қоныстанғысы келеді. Бұл мәселенің шығуына ең алдымен осы себеп болады. Құрылыс жүргізген компаниялар да осыны қалайды. Бұған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң бар. Осы заңдағы бап бойынша былтыр 288 жағдай тіркелді. Олар жауапкершілікке тартылды, - деді Алмас Ыдырысов.

Индустрия  министрлігі де бұл шараның жеткіліксіз екенін қолдады. Сол себепті құрылысы аяқталмаған үйді қоланысқан берген компанияға қатысты қылмыстық іс қарастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, елімізде шамамен 10 211 азпәтерлі үй бар. Сенат мақұлдаған заң пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тәртібі енгізуді көздейді.

Ал заңда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және күтіп-ұстаусыз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар норма енгізіледі. Негізгі мәселенің бірі – тұрғындардың жиналысында қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу.

Айта кетейік, Сенат депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама