Біз жобаны алдық. Қолымызға тиді. Енді мұқият танысып шығамыз, – деді украин министрі
Қытай Халық Республикасының Коммунистік партиясы Орталық комитеті Шетел істері жөніндегі кеңсесінің басшысы Ван И Мәскеуге барды.
Ол Мәскеуде РФ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушевпен кездесті. Онда тараптар екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайту мәселесі бойынша әңгілелесіп, пікір алмасты.
Кездесуде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қытайдың даулы аймақтарындағы мәселеде ҚХР-ды қолдайтынын атап өтті.
Біз Қытайдың Тайвань, Тибет, Шыңжан, Сянгань аймақтарындағы саясатын қолдаймыз, – деді Николай Патрушев.
Бүгін қытайлық дипломат біраз күн Африка елдерін аралап, серіктес іздеп қайтқан РФ-ның Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездеседі. Одан кейін Ресей президенті Владимир Путинмен де жолығуы мүмкін.
Қытай өкілі Мәскеуге барар алдында Ресей мен Украинаны келісімге келтіру үшін екі тарапқа да Қытай әзірлеген келісім жобасын ұсыныпты. Бұл келісім жобасын Ван И Германияның Мюнхен қаласында өткен Қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаға тапсырған.
Конференцияда Кулеба келісімнің жобасын алғанын растады.
Біз Қытай ұсынған келісім жобасын алдық. Қолымызға тиді. Енді мұқият танысып шығамыз, – деді ол.
Әзірше Ресей келісім жобасы туралы ештеңе айтқан жоқ.