Атырауда шенеунік енесі арқылы пара алған
Шенеунікке өмір бойына лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Бұл туралы Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады AtyrauPress.
Атырау қаласының №2 сотында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, ірі мөлшерде бірнеше рет пара алу (ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 3,4-тармақтары) фактісі бойынша Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру және ірі габаритті немесе ауыр салмақты көлік құралдарының Атырау облысы аумағынан жүріп өтуін қадағалау барысында заңды тұлғалардың көліктерін тексермей және әкімшілік жауапкершілікке тартпай, олардың Атырау облысы аумағында еркін және кедергісіз қозғалуына ықпал жасағаны үшін 2020-2022 жылдар аралығында барлығы 13 ЖШС-тен пара ретінде бірнеше рет ірі мөлшерде жалпы соммасы 23 817 000 теңге ақша қаражатын жұбайының, анасының, енесінің, әріптесінің жұбайының аттарындағы «Kaspi Gold» қосымшасындағы шоттары арқылы алған.
Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ЖТӘ нәтижелерімен, бейнежазбаларымен, арнайы тексеру құжаттарымен, сот фонографиялық, сот психологиялық-филологиялық сараптамалары және аудиторлық қорытындыларымен дәлелденді.
Тараптардың позициясына келсек, прокурор сотталушы С.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, өзін ақтауды талап еткен.
Сот шешімімен ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 3,4-тармақтарының санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген.
Сот С.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның асырауында балаларының болуын ескерді. Сотталушының қабылдаған кәсіби антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.
Сот үкімімен С.-ға өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.