Украина әскері 30 мыңнан аса «Вагнер» содырын саптан шығарды
Өткен тәулікте Ресейдің тағы 800 жауынгері жойылып кетті
Украина Қарулы күштері Ресейдің тағы 800 жауынгерін ажал аранына айдап салды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Қорғаныс күштері 800 ресейлік жауынгерді, жаудың 16 артиллериялық жүйесін, 2 танкісі мен басқа да техникаларын жойып жіберді, – делінген хабарламада.
2022 жылдың 24 ақпаны мен 2023 жылдың 17 ақпаны аралығында Ресей армиясының жеке құрамы 143 680 басқыншысынан, 3 316 танкісінен, 6 553 бронды соғыс машинасынан, 2 334 артиллериялық жүйесінен, 2 018 дронынан, 5 209 автомобилі мен автоцистернасынан айырылды. Бұлардың сапында тағы 467 реактивті артиллериялық ұрыс машинасы, 241 әуе қорғаныс жүйесінің құралы, 299 ұшақ, 287 тікұшақ, 871 қанатты ракета, 18 корабль, 221 арнайы техника бар.
АҚШ билігі «Вагнер» жеке әскери компаниясының өзі Украина жерінде 30 мыңнан аса сарбазын саптан шығарып алғанын айтып отыр. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкілі Джон Кирби 9 мың «вагнершінің» жер жастанғанын, олардың жартысынан астамының желтоқсан айында опат болғанын айтты.
Міне, осы желтоқсанда өлгендердің 90 пайызы түрмеден әкелінгендер екен. Ал Владимир Путин олардың бәріне жақында рақымшылық берді, – деді ол.
Украина Қорғаныс күштері кешелі бері дұшпанның 20 елді мекен маңындағы шабуылдарына тойтарыс берген. Ресейліктер Харьков облысының Гряниковка және Синьковка, Луганск облысының Стельмаховка, Червонопоповка және Кременная, Донецк облысының Выемка, Федоровка, Дубово-Васильевка, Роздоловка, Парасковиевка, Берховка, Бахмут, Ивановское, Часов Яр, Веселое, Водяное, Марьинка, Победа, Новомихайловка және Угледар елді мекендері түбінде шабуылға шықты.
Жау тәулікте 10 ракеталық және 29 авиациялық соққы берді. Тағы 69 снарядты дүркін отты реактивті жүйеден жіберді.
Оккупанттар армиясы негізгі шабуыл күштерін Купянск, Лиман, Бахмут, Авдеевка және Шахтерск бағыттарына шоғырландырып жатыр.
Украина Қарулы күштері өткен тәулікте ресейліктер басып алған Мариупольдегі үйсіз-күйсіз жатқан мобиктеріне артиллериядан 13 дүркін соққы беріп, көпшілігін жер жастандырды.
Осы тұста украинның бірінші батальоны АҚШ-тың Германиядағы базасында оқуын аяқтағаны белгілі болды. Оның құрамындағы 635 украиналық сарбаз Граффер полигонында жалпы әскери және маневрлік дайындықтан өтті. Енді екінші топ келіп, 5 апталық оқуда маневрлік, медициналық және базалық әскери дайындықтарын шыңдайды.