Процедуралық тексеру жүргізіліп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында бір күн бұрын жоғалған ер адамның денесі қар астынан табылды, деп хабарлайды polisia.kz.
«19 ақпан күні СҚО Айыртау ауданының полиция бөліміне хабар түсті. Онда сағат 14.00 шамасында Янко станциясынан Ғ.Мүсірепов ауданының Жаңасу ауылына қарай 45 жастағы ер адам жаяу шығып кеткені туралы айтылды.
Полиция қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар арасынан іздестіру іс-шараларын жүргізу бойынша 3 жедел топ құрылды. Жол талғамайтын көлік жұмылдырылды. Тағы бір топ іздестіруді атпен жүргізді.
20 ақпан күні Жаңасу ауылынан 3 шақырым жерде жоғалған адамның денесі қардың астынан табылды. Зорлық белгілері жоқ», - делінген хабарламада.
Хабарланғандай, өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша анықталады. Процедуралық тексеру жүргізіліп жатыр.