×

Жалақысы – 500 мың теңге: Астанаға қанша автобус жүргізушісі жетіспейтіні белгілі болды

Биыл елорда әкімдігі жаңадан 400 қоғамдық көлік сатып алмақ

 Дәурен Ерболат 20.02.2023 | 14:45
Фото: voxpopuli.kz

Бүгінде елордада 1 мыңға жуық автобус жүргізушісі жетіспейді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінде шаһардағы қоғамдық көлікте жолақысын қымбаттату мәселесі көтерілмеген. Соңғы рет жолақысы 2014 жылы 90 теңгеге қымбаттаған.

2023 жылы шамамен жаңа 400 автобус сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Оның ішінде коммуналдық меншік үшін 300 автобус, сырттан инвестиция тарту есебінен 100 автобус. Коммуналдық меншікке қоғамдық көліктерді сатып алу үшін банктермен келіссөз жүргізілуде, - деп жазылған басқарманың Halyq Uni тілшісіне берген ресми жауабында.

Елордадағы 6 автобус паркінде 1 121 қоғамдық көлік бар. Оның 64-і тозған. Қазір қаладағы қоғамдық көлікте 1 525 жүргізуші жұмыс істеп жүр. Осыған қарамастан жүргізушілер жетіспейді.

Қала және қала маңы маршруттарында көліктердің сұраныс кестесі бойынша күнделікті 18 сағат (таңғы сағат 6:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін дейін) қызметін еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес қамтамасыз ету үшін 914 жүргізуші жетіспейді. Бүгінде жүргізушілердің маршрутқа шығу көлеміне байланысты орташа айлық жалақысы – 400-500 мың теңге, - деп жазылған басқарма жіберген хатта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама