Соңғы уақытта тыйым салынған заттарды пошта арқылы жіберу дерегі жиілеген
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің мамандары Алматы әуежайындағы халықаралық пошта жөнелтілімдерін бақылау учаскесінде Қазақстаннан АҚШ-қа көне монеталарды заңсыз әкетуге жол бермеді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Құжаттарға арналған қаптама қапшығының сыртына монеталарды жасыру фактісін кеден қызметкерлері қондырғының рентгенографиясын пайдаланып, сканерлеу барысында анықтады. Бұл монеталар V-XIII ғасырлар аралығында Орта Азия аумағында жасалған және тарихи құндылыққа ие, - деп жазылған хабарламада.
Департамент басшысының орынбасары Дәурен Мұстафиннің айтуынша, табылған заттар Қазақстанның заңнамасына сәйкес елден әкету кезінде міндетті декларациялауға жататын және уәкілетті органның рұқсаты болғанда ғана мүмкін болатын мәдени-тарихи құндылықтар санатына жатады.
Бүгінде анықталған факті бойынша алынған заттар мен материалдар сарапшыларға берілді. Қорытындыдан кейін монеталарды әкетуге әрекет жасаған адамға тиісті процестік шешім қабылданады.
МКК мәліметінше, соңғы уақытта тыйым салынған тауарларды контрабандалық жолмен әкелу үшін пошта жөнелтілімдерінің арнасы көбірек қолданылып жатыр.
Тек 2022 жылы Алматы әуежайында айналымға тыйым салынған тауарларды, оның ішінде есірткі мен психотропты заттарды, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді кедендік шекара арқылы өткізудің ондаған дерегі тіркелді.