3,2 мыңнан аса мектепте мамандырылған күзет қызметі жоқ

Дәурен Ерболат

Елімізде 7 мыңға жуық мектеп бар

Фото: malim.kz

Қазақстанда 3,2 мыңнан аса мектепте мамандырылған күзет қызметі жоқ. Бұл туралы ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Құспанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша тиісті лицензиясы бар күзет ұйымдары 3 404 мектеп пен 1 371 балабақшаны күзетеді. Оның ішінде дабыл жүйесі (дабыл батырмасын орнату) арқылы шамамен 2 050 мектеп пен 790 балабақша бақылауда. Қалған объектілер күзетшілер немесе дабыл жүйесі арқылы күзетіледі, - деді Серік Құспанов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Аумақтық департаменттердің мәліметінше, Қазақстанда 6 702 мектеп және 5 585 балабақша бар.

Алайда бұл сандар нақты емес. Себебі ІІМ есеп жүргізбейді. Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне хабарласу керек. Сондай-ақ деректерге сүйенсек, бүгінде 3 298 мектеп пен 4 214 балабақшада күзет қызметі жоқ. Қалған оқу орындары (жоғары оқу орындары мен колледждер) бойынша статистика жүргізілмейді, - деді Серік Құспанов.

Сондай-ақ ол білім ордаларында лицензияланған күзеттің болмау себебіне тоқталды.

Күзет қызметін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны негізге алу керек. Өйткені жеке күзет ұйымы ақылы негізде қызмет көрсетеді. Бұл мәселеге жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер мен оқу-ағарту министрлігі жауап беруге тиіс, – деді Күзет қызметін бақылау департаменті басшысының орынбасары.