×

Әкімдерді пара беруге мәжбүр еткен Антикор қызметкерлері сотталды

Олар қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланған

 Дәурен Ерболат 20.02.2023 | 10:30
Фото: zakon.kz

Түркістан облысында пара беруге итермелеген Антикор қызметкерлері 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлері тарапынан арандату фактілерін болдырмау үшін Бас прокуратура тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімдігін тексеріп, ауыл әкімдерін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан әрі олардан ақшалай қаражат талап еткен. Олар тексеріс барысында анықталған кемшіліктерді жасыру үшін 400 мың теңгеден 630 мың теңгеге дейін ақша беруді сұраған. Содан кейін олар пара беру дерегі бойынша ұсталды. Нәтижесінде 7 ауылдық округтің әкімі мен әкімдіктің 1 есепшісі әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру және айыппұл түріндегі жазаға тартылды, – деп жазылған хабарламада.

Бас прокурордың наразылығымен Жоғарғы сот жергілікті шенеуніктерді толық ақтады. Себебі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өкілдерінің іс-әрекетінде тікелей арандатушылық бары анықталды.

Антикордың 2 жедел уәкіліне Қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігі бойынша («Билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізіп, олардың кінәсі толық дәлелденді. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы үкімімен ауыр санаттағы лауазымдық қылмысты жасағандары үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы 2 жедел уәкілі арнайы шенінен айрылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айрылды, - деп жазылған хабарламада.

Жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді.     

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама