Қазақстандық құтқарушылар өздеріне берілген аумақтан 3 адамды үйінді арасынан дін аман шығарып алған
Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта қызмет еткен қазақстандық құтқарушылар ерекше құтқару әдісімен шетелдіктерді таң қалдырды. Бұл туралы журналист Нұрбек Бекбау әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Журналистің жазуынша, қазақстандық құтқарушылар өздеріне берілген аумақтан 3 адамды үйінді арасынан дін аман шығарып алған.
Шетелдік құтқарушылар қиранды астында қалып қойған адамдарды тек ауыр техника күшіне сүйеніп қана шығарады. Оған ұзақ уақыт керек. Тірі жатқан кісі күтіп жатып-ақ өліп қала берген. Ал қазақ жасағының тактикасы өзгеше. Қираған ғимараттың бүйірін үңгіп, жетіп барады немесе үй жанын ойып, басылып қалған кісінің астынан келеді. Осындай пидагерлікке баруының арқасында жігіттеріміз 7 жанды аман алып қалды. 88 адам денесін қиранды ішінен шығарып алды. Біздің жігіттер қабырғаларды қақырата қазып жатқан кран аяулы адам денесін мылжалап тастауына жол бермей, әр марқұмның арулап көмілуіне жағдай жасады, - деп жазды Нұрбек Бекбау.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екі эшелоны елге оралды.