Halyq Uni логотип
×

Қазақстанға А4 қағазы импортының 61%-ы Ресейден келеді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кеңсе қағазының қымбаттауын түсіндірді

 Ербол Тұрымбет 28.03.2022 | 19:15
Қазақстанға А4 қағазы импортының 61%-ы Ресейден келеді
коллаж: Halyq Uni

Министрліктің хабарлауынша, былтыр Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (51 мың тонна) жеткізілген. Оның 61% (31,3 мың тонна) ­– Ресейден, 30% (15,1 мың тонна) – Түркиядан, 8% (4 мың тонна) Қытайдан келген. Сөйтіп, Қазақстан нарығында А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігі «Снегурочка» және SvetoCopy брендтерінен құралған.

Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құраған. Ал биыл наурызға қарай баға орташа есеппен мың теңгеге немесе 67%-ға өскен. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалап жатыр.

Бағаның өзгеруі Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты және РФ-да кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай болып жатыр, - делінген министрлік хабарламасында.

А4 қағазының тапшылығы жайында өткен аптада ресейлік ақпарат құралдары жазды. Яғни, санкция салдарынан елде кеңсе қағазы тапшылығы байқалған. Тіпті, дүкен сөрелерінде соңғы қалған қаптамаларының бағасы 10 есеге дейін қымбаттап кеткен. Себебі, ақ парақ өндіретін зауыттарға импорттық реагенттер жетіспей жатыр.

Өйткені, фин және австриялық компаниялар сол кеңсе қағаздары өндірісінде қағазды ағартатын химикаттарын Ресейге жібермей қойған. Соның кесірінен Ленинград облысындағы А4 қағазының ірі өндірушісі SvetoCopy жұмысын тоқтатқан. «Снежинка» қағазын шығаратын Краснокмаскі полиграфиялық комбинатының өндірісі де тоқтаған.

Өткен аптаның соңынан бері Қазақстанда да А4 қағаздары жекелеген дүкендерде 3-4 есеге дейін қымбаттап кеткен-ді. Кеңсе тауарларын сататын дүкендер бағаны көтергенімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігі ешқандай заңбұзушылық көрмей отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша екі зауыт жұмыс істейді. Былтыр кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндіріп, ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5%-ын қамтыған.

Екі зауыттың бірі – «Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал «Goida.kz» 3,6 млн бумаға дейін А4 кеңсе қағазын шығара алатын қауқары бар. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі Ресей мен Финляндияда өндіріледі. Алайда, ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері («Литан» ЖШС және «Резервснаб Плюс») арқылы саудалайды. Министрліктің ақпаратынша, сол арқылы сауда-саттықты шектеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама