×

Мектептерде жаңажылдық ертеңгіліктер өткізуге рұқсат жоқ – БҒМ

«Омикрон» штамы таралуына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқыту режиміне ауыса ма?

 Халық үні 02.12.2021 | 12:56
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда жаңажылдық ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғанын ескертті.

Ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық шаралар мектептерде өтпейді. Бас санитар дәрігердің шешімі бар, біз оған бағынамыз. Сол себепті мектепте ертеңгілік те, басқа да бұқаралық шаралар болмайды, - деді министр Сенат кулуарында журналистердің сауалына жауап беріп.

Мектептегі бір сынып немесе балабақшадағы бір топ шеңберіндегі жаңа жылдық іс-шараларға қатысты шешімдер санитарлық дәрігерлердің келісімі бойынша және жергілікті эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім беру ұйымдарының әкімшілігі деңгейінде қабылданады.

Жоғары оқу орындарының әкімшілігі де санитарлық дәрігерлермен келісе отырып, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа жылдық іс-шараларды өткізу туралы шешімді өздері қабылдайды.

Одан бөлек, Асхат Аймағамбетов коронавирустың «Омикрон» штамы таралуына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқыту режиміне ауыса ма деген сұраққа жауап берді. Министрдің айтуынша, әзірге қашықтан оқыту мәселесі жайлы айтуға ерте, мұндай шешімді Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия қабылдайды.

Қазақстанда «Омикрон» штамы анықталған жоқ. Алайда, ведомствоаралық комиссия жаңа штамды республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу іс-шараларын енгізу туралы шешім қабылданды.

  • Бірінші - Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу.
  • Екіншіден, «Омикрон» анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египеттен келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-тестілеу енгізіледі.
  • Үшіншіден, «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантинге оқшаулануға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама