×

Депутаттықтан үміткерлерге бюджеттен қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды

Республикалық бюджет қаражаты сайлауға партиялық тізімдер бойынша түсіп жатқан үміткерлерге бөлінбейді

 Еркеғали Болатұлы 19.02.2023 | 18:03
фото: Halyq Uni

Орталық сайлау комиccиясы кезектен тыс сайлауда Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджеттен бөлінетін шығындардың мөлшерін бекітті.

Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен БАҚ-та сөйлеуге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға арналған шығындары, сондай-ақ кандидаттардың ОСК белгілейтін мөлшердегі көлік шығындары жабылады.

Бұл ретте бір ескерерлігі, республикалық бюджет қаражаты сайлауға партиялық тізімдер бойынша түсіп жатқан үміткерлерге бөлінбейді.

Шығындардың мөлшері 950 мың теңге көлемінде белгіленеді. Оның ішінде бағдарламамен теледидар мен радиода сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспасөзде немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға – 450 мың теңге, іс-шаралар өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 300 мың теңге, жүріп-тұруға 200 мың теңге бөлінеді, – деді Сәбила Мұстафина.

Бұл – Мәжіліс депутаттығына үміткерлерге қатысты дерек. Ал облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар үшін шығын мөлшері 550 мың теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде бағдарламамен теледидарда, радиода сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға – 350 мың теңге, сайлау алдындағы іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 130 мың теңге және көлікпен жүріп-тұруға 70 мың теңге бөлінеді.

Олардан бөлек, қалалық мәслихаттарға кандидаттар үшін 350 мың теңге бекітіліп отыр. Оның ішінде бағдарламамен теледидарда, радиода сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға 200 мың теңге, сайлау алдындағы іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге және теңге көлікпен жүруге 50 мың теңге бөлінген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама