Сайлау: ОСК Мәжіліске 125 үміткерді неге тіркемегендерін мәлімдеді
Оның бесеуі сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылған
Орталық сайлау комиссясы төрағасының орынбасары Константин Петров алдағы Мәжіліс сайлауына ұсынылған неше адамның тіркеуден өтпей қалғанын түсіндірді.
Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтер негізінде кандидатты ұсынғаннан кейін тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін 45 кандидат кандидатурасын өз қалауымен алып тастау туралы өтініш жазған. Комиссиялар оларды берілген өтініш негізінде тіркеуге алмады. 125 кандидатттың тіркеу туралы өтініші кері қайтарылды. Оның ішінде бір кандидат ҚР Конституциясы мен «Сайлау туралы» конституциялық заңының Қазақстан Республикасының аумағында кейінгі 10 жыл көлемінде тұру қажеттігі жөніндегі талапқа сәйкес келмегені үшін тіркеуден өтпеді, - деді ОСК төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, бірнеше кандидат Бас прокуратураның мәліметі негізінде тіркеуге алынбаған.
Бас прокуратураның мәліметі негізінде 4 кандидаттан есептен шығарылмаған және өтелмеген соттылықтың болуына байланысты, 5 кандидаттан сот сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін немесе сыбайлас жемқорлық бойынша заң бұзғаны үшін кінәлі деп танығандықтан бас тартылды, - деді Константин Петров.
Бұл ретте тіркеуден бас тартылған кандидаттардың басым бөлігі құжаттардың толық пакетін ұсынбаған.
«Жекелеп айтсақ, кандидаттардың кейбірі сайлау жарнасын ұсынбады. Осыны негізге алып, кеше оларды тіркеуден бас тартылды. Бір кандидаттың өтініші сайлау насихатын заңмен белгіленген мерзімнен тыс уақытта жүргізгені үшін кері қайтарылды. Тіркеліп қойғаннан кейін 4 кандидаттың тіркеу құжатының күші жойылды. Оның біреуі өз қалауымен, үшеуі тапсырған декларациясындағы мәліметтердің жалған боулына байланысты болды», - деді ОСК өкілі.