Елдегі 27 қалада кәріз-тазарту жүйесі қарастырылмапты
Алдағы 5 жылда Қазақстандағы кәріз тазарту жүйелерін салып, қолданыстағыларын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа арнайы жол картасы әзірленді, деп хабарлады Halyq Uni.
Бүгінде Қазақстанның 68 қаласында кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту қажет. Былтыр Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында кәріз тазарту жүйесінің жаңғырту жұмысы басталды. Биыл Ақтау, Леңгір және Шымкент қалаларында да осы мақсаттағы ауқымды жұмыс басталады деп жоспарланған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, елдегі 27 қалада кәріз-тазарту жүйесі қарастырылмаған. Сонымен бірге 41 қаладағы кәріз жүйесінің тозу деңгейі 60%-ға жақын. Осыған орай, министрлік жаңғырту жұмыстарын қаржыландырудың екі тәсілін қарастырып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік кепілдікті ұсына отырып, халықаралық қаржы ұйымдарының зайымдарын тарту 45 мыңнан астам тұрғыны бар 26 қаланың желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондай ақ республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асыру ұсынылады. Соның арқасында 45 мыңға дейін тұрғыны бар 36 шағын қаланың жүйесі жаңғыртылады.
Айта кетейік, бұл мақсатта алынған қарызды қайтару үшін тариф пен бюджеттен субсидия бөлу қажет. Бірақ республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялардың көлемі негізгі қарыздың жалпы сомасынан аспайтын болады. Халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қаладағы кәріз-тазарту жүйесіне байланысты жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылмақ.
Кәріз жүйелерін салу немесе жөндеу кезінде өңірлердегі экологиялық ахуал ескерілетін болады. Қазір кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртудың іске асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздеріне байланысты аталған жобалардың тізбесі қалыптастырылды. Ал жобаны қаржыландыру бойынша Азия Даму банкі, Еуропа қайта құру және Даму банкі сияқты ірі ұйымдармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту бойынша жобаларды іріктейтін әдістеме айқындалды.
Жалпы жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, елімізде әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен шамамен 3 мың шақырымдай желіге жаңғырту жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы Қазақстандағы желілердің жалпы тозуы 51% деңгейінде байқалды. Биыл бұл көрсеткішті 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.