Аминжон мұнда өзімен бірге 32 адамның келгенін айтты
Украинаның Запорожье облысында Орталық Азиядан шыққан 30-дан астам адам Ресейдің армиясы үшін окоптар мен траншея қазуға тартылған болып шықты. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Мұнда қалаларды қалпына келтіруге шақырылған Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары өздерін әкелгендердің алдап кеткенін айтып, шағым білдіруде. Олар украин жеріне келгесін ресейліктердің берген уәделерінде тұрмай, өздеріне окоп қаздырып қойғандарын, бұл үшін әлі бір тиын да ақша төлемегендерін, қайта қорқытып ұстап отырғандарын айтты.
«База» сайтында хабарланғандай, жұмысшыларға атқарған жұмыстары үшін қомақты ақша төлеуге уәде берілген. Алайда, бұлар оны түсінде де көрмеген.
Тәжікстандық Аминжон мұнда өзімен бірге 32 адамның келгенін айтты. Олардың бәрі Тәжікстан мен Өзбекстанның азаматтары екен. Құрылысшыларды әкелгеннен кейін қирап қалған үйлерге орналастырған. Окоптар трактордың күшімен қазылып тұрған. Содан кейін құрылысшылар олардың үстеріне бөренелер салып, бекіністі біраз күшейтіп отырған.
Тәжікстандық азамат мұнда келгендеріне айға жуықтағанын, содан бері жаңағыдай екі окопты қазып бергенін жеткізді. Ақы төлейтін кезде бұлардың жалдап әкелген Сергей деген жігіт небәрі 595 рубль берген (онысы бір окоптың құнынан да аз көрінеді).
Жұмысшы өзін алдап кеткен ер кісінің үстінен арыз жазыпты. Мұндай шағымды тағы үш тәжікстандық жігіт полицияға тапсырыпты.
Осыдан кейін Аминжонға белгісіз нөмірлерден әлдекімдер қайта-қайта телефон соғып, өзін қорқыта бастаған. Белгісіз кісілер бұдан арызын қайтып алуды талап еткен.
Аминжон осыдан қатты қорқып қалғанға ұқсайды. Сондықтан үйден шығуға да жүрексініп отырған көрінеді.