Орал қаласында 3 автокөліктің соқтығысуынан 3 адам зардап шекті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 ақпан күні сағат шамамен 20.00-де Зачаган мен Деркөл кенттерінің арасындағы айналма жолда болды.
«Нефтэк» жанар-жағар май станциясының маңында 29 жастағы жүргізуші «Форд» автокөлігімен Саратов трассасына қарай келе жатып, «ВАЗ-21124»-пен (рульде 35 жастағы жүргізуші болған) соқтығысуға жол берген. Бұл екі көлікке 1971 жылы туған жүргізуші айдап келе жатқан «Skania» жүк көлігі түйіскен.
Салдарынан үш адам түрлі жарақат алды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігі жұмыс жасады. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол жүру ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомство.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, аталмыш оқиға салдарынан осы маңда жол кептелісі болған.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға орнына жедел жәрдем сағат 19.37-де шақыртылып, бригада 8 минуттан кейін жетті. Алдын ала мәлімет бойынша 1970 жылы туған әйел, 1993 және 1987 жылы туған ер адамдар бас пен мидың жабық жарақатын алды. Оған қоса әйелдің миы шайқалған. Барлығы облыстық ауруханаға жеткізілді.