Halyq Uni логотип
×

Түркияда жер сілкінісі кезінде терезеден құлаған телефонның арқасында бір үйдің 4 адамы аман қалды

Шетелдік ер адамның туыстарына үйдің қирағаны жайлы хабар беріп, осылайша дер кезінде бір отбасының төрт мүшесі құтқарылған.

 Халық үні 17.02.2023 | 23:45
Түркияда жер сілкінісі кезінде терезеден құлаған телефонның арқасында бір үйдің 4 адамы аман қалды
Фото: Anadolu агенттігі

Түркияның шығысындағы Малатья провинциясында жер сілкінісі кезінде үйінді астында қалған отбасы терезеден құлаған телефонның арқасында аман қалды, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Түркияның ондаған мың азаматының өмірін қиған, ошағы Кахраманмараш провинциясы болған жойқын жер сілкінісінен бері 12 күн өтті.

Құтқарушылар, дәрігерлер және аман қалған адамдар құтқару операциясы кезінде болған таңғажайып оқиғаларды айтып берді.

Сондай ғажайып оқиғаның бірі - Түркияның шығысындағы Малатья провинциясының Ниязи Мысри кварталында болған.

Басылымның жазуынша, жойқын жер сілкінісінен кейін Ильхами Экин жұбайы Сонгуль және балалары Тубо, Суна, Мұхаммедпен бірге қираған үйдің астында қалып қойған.

Ер адамның айтуынша, жер сілкінісі кезінде қатты тербелістен оның терезе алдында тұрған ұялы телефоны көшеге ұшып түскен.

Кейін бұл ұялы телефонды үйінді маңында жүрген шетелдік тауып алған. Яғни ер адамның назарын жерде шырылдап жатқан телефон аударған. Белгілі болғандай, осы сәтте үйінді астында қалған отбасын жақындары іздеп, қоңырау шалған.

Шетелдік ер адамның туыстарына үйдің қирағаны жайлы хабар беріп, осылайша дер кезінде бір отбасының төрт мүшесі құтқарылған.

Ильхами Экиннің айтуынша, үйіндінің астында жатқан отбасы үмітін үзген, бірақ кездейсоқ жағдай олардың өмірін сақтап қалған.

«Біз үшінші қабатта тұрдық. 18 жастағы ұлым қайтыс болды. Ол әскери қызметкер болуды армандайтын. Құдай ешкімнің басына мұндай жағдайды бермесін. Жаратушы Алла үйінділердің астында қалғандардың барлығына жар болсын», – дейді ол.

Ильхами бәрі жарақат алғанын, бүгінгі таңда әйелі мен бір қызы ауруханадан шыққанын айтады.

«Екінші қызым екеуміз әлі емделіп жатырмыз. Сол аяғым сынған. Ота жасалды, қазір өзімді жақсы сезінемін», – дейді малатьялық ер адам.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама