Бұдан былай +77 және +76 халықаралық кодтарынан түсетін қоңырауларда «Қазақстан» деп көрсетіледі
Apple Қазақстанның өтінішін барынша жылдам қарастырған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Apple компаниясымен бірге көпшілікті алаңдатқан бір мәселені реттегенін айтты. Енді +77 және +76 халықаралық кодтардан түсетін қоңыраулар «Қазақстан» деп көрсетіледі.
Министрдің айтуынша, Apple Қазақстанның өтінішін барынша жылдам қарастырған. Сөйтіп iOS 14 қолдайтын iPhone 6 және одан кейінгі құралдардағы аталған проблема шешілді.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгілегенін хабарлаған.
Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын.
Қазақстан +997 кодын алғаннан кейін де 702 және 705 деген операторлардың кодттары өзгеріссіз қалады. Осы кодтар арқылы нөмерді актив немесе билайн екенін анықтауға болады. Яғни ұялы телефон нөмірлері +997 702 (немесе 705) деп басталады.