2022 жылы 49 IT мектебіне 3068 грант берілді
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Департамент басшысының айтуынша, жасанды интеллект әлемдегі ең жиі талқыланатын мәселелердің біріне айналып отыр.
«Үкімет, өздеріңіз білетіндей, Технологиялық саясат жөніндегі кеңес сайтында 3 негізгі технологиялық бағытты анықтады – бұл MedTech, AgriTech және GreenTech. Тиісті IT технологияларсыз бұл салаларда даму мүмкін емес екеніне сенімдімін. Осыған байланысты біз алдымызға елді IT-технологияның жеткілікті деңгейімен және көлемімен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларына ерекше орын беріледі. Сондықтан жаһандық даму қарқынын сақтау үшін біз үшін осы саладағы әлеуетімізді іске асыру аса маңызды. Жақын арада осы бағытқа негізгі екпін беру жоспарлануда және алғашқы қадамдардың бірі – Жасанды интеллектті дамыту стратегиясын бекіту», – деді Ерсұлтан Ерманов.
IT саласындағы адами капитал мен кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ретін баяндаған ол 2021 жылы ІТ мектептерге білім беру гранттарын беру бойынша іске қосылған пилоттық жоба – Tech Orda бағдарламасы нәтижесіне тоқталды.
2022 жылы 49 IT мектебіне 3068 грант берілді. Бұл бағдарлама өңірлерде ІТ-білім беруді дамытуға түрткі болғанын атап өткім келеді. Соңғы 2 жылда 12 облыста, атап айтқанда Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Семей, Талдықорған, Орал, Шымкентте 20 бағдарламалау мектебі ашылды. Оның үшеуі халықаралық. Samsung және Huawei сияқты ірі технологиялық компаниялармен бірлесе отырып IT академиялары іске қосылып, қазірдің өзінде 4000-ға жуық адам оқытылды, – деп қосты департамент басшысы.
«2023 жылы IT саласын дамытуға қанша қаржы жұмсалды» деген тілші сауалына Ерсұлтан Ерманов Astana Hub базасында баламалы білім беруге бөлінген қаржы көлемін айтты. Оның айтуынша, Astana Hub базасында IT мамандарды даярлау бағыты аясында баламалы білім беруді қолдау туралы шешім қабылданды. Бұл үшін жеке ІТ мектептерді субсидиялап, ІТ маман болғысы келетін азаматтарға ваучерлер беруді қарастыратын Тех Орда бағдарламасы іске қосылды.
«Бұл бағыттағы жұмыстарға 2,6 млрд теңге бөлінген», - деді ол Halyq Uni тілшісіне берген жауабында.