×

Атырауда түнде далада қалған ана мен бала құтқарылды

Құтқарушылар қыс кезінде түнде алыс жолға шықпауға кеңес береді

 Дәурен Ерболат 17.02.2023 | 16:38
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Атырауда түн ішінде далада қалып қойған ана мен бала құтқарылды, деп хабарлады облыстық ТЖД-ның қоғаммен байланыс тобы.

16 ақпанда түнгі сағат 22:45-те джиптің қарға батып, жүре алмай қалғаны туралы ақпара түскен.

Индер ауданының орталығы – Индербор кентінен 4 адам Mitsubishi Pajero көлігіне отырып, қыстақтардың біріне бармақ болған. Бірақ олар діттеген жеріне жете алмай, аудан орталығынан шамамен 30 шақырым жерде қарда тұрып қалған. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің 3 қызметкері авариялық-құтқару жұмысын жүргізу үшін оқиға орнына барды, - деп жазылған хабарламада.

Құтқарушылар оқиға орнына барғанда жол талғамайтын көлікте 4 адам отырғанын анықтады. Оның үшеуі – ересек, біреуі – бала. Олар джиппен бірге Индербор кентіне аман-есен жеткізілді. Жолаушылар медициналық көмекті қажет етпеген.

Құтқарушылар жүргізушілер мен тұрғындардан қыста түнге қарай алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Себебі биыл Атырау облысында да қалың қар жауған. Ауа райы жиі құбылады. Осыған байланысты ауа райының құбылуы туралы 112 қызметі жіберетін SMS-ті ескеріп, алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн, - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама