Енді оларды экспортқа шығару туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр
Алакөлде балық зауыты балалар тағамдарын шығара бастады, деп хабарлады Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Болашақ Бастау» ЖШС Алакөл балық өңдеу зауытында жаңа жабдықтар орнатылған. Соның арқасында балық зауытында қосымша 10 өнім түрі шығарыла бастады.
Еуропа мен канадалық тұтынушылар қазірдің өзінде сынақ үлгілерін тұтынып үлгеріп, қызығушылық танытқан. Кәсіпорында технологтар жаңа желіні іске қосу жұмыстарын аяқтады. Енді экспорттық жеткізілімдерді жолға қою туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.
Технолог Никита Кашкаревтің айтуынша, жалпы рецептураны әзірлеуден бастап, жаңа желінің жұмысын жолға қоюға дейінгі жұмыстың бәрі – өз идеялары. Оны кәсіпорынның өз қаражаты есебінен сатып алынған қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен жүзеге асырған. Балық өнімдерінің бұл жаңа түрлері кең көлемде тұтынуға арналған.
Балық – дәрумендердің, минералдардың және қанықпаған май қышқылдарының табиғи көзі. Зерттеушілер диетада балықтың үлесін болар-болмас арттырудың өзі адамның денсаулығына оң әсер ететінін айтады. Сондықтан біз тұтынушыларға балықтың бірнеше түрін ұсынып көруге бел будық, - дейді технолог.
Енді кәсіпорында тек тартылған балық еті мен филесі түрлерімен қатар, ақтабан мен алабұға паштеттері, күріш немесе картоп қосылған балық-өсімдік витамин кешендері, уылдырық майы, балық шұжықтары, сондай-ақ 8 айлығынан бастап қосымша тамақ ретінде беруге болатын балалар тағамының 2 түрі шығарылады.
«Болашақ Бастау» ЖШС балық өңдеу зауытының директоры Дәурен Алтыбаевтың айтуынша, жаңа жабдықта шамамен сағатына салмағы 50 және 100 грамдық 2,5 мың дана құты уылдырық майын өндіруге болады. Бұл – бір ауысымда өнім көлемі 50 мыңға дейін жетеді деген сөз. Бүкіл желі толық автоматтандырылып, өндіріс үдерісінің механизмі жолға қойылған.