Ермұхамет Ертісбаев партия төрағасы болып сайланды
Ол министр, депутат, дипломат ретінде танымал
Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезінде партия басшылығының құрамы өзгерді. Ермұхамет Ертісбаев ҚХП төрағасы болып сайланды. ҚХП парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Съезд барысында ҚХП төрағасы лауазымына Ертісбаевтың кандидатурасы ұсынылды.
Ол көшбасшы, министр, депутат, дипломат ретінде танымал. Біздің партиямызға тәжірибесі мен білімі мол, мемлекеттік деңгейдегі саяси және қоғам қайраткерінің келуі алғаш рет болып отыр, – деді көпшілік.
Ертісбаевтың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.
Өз кезегінде Ертісбаев партия мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, сенімді толық ақтау үшін күш-қуатын, білімін әрі саяси тәжірибесін жұмсауға уәде берді.
«Қазақстан Халық партиясы – солшыл-орталық партия. Мен үшін бұл – өте маңызды. Мен өмір бойы социалист болдым», – деді ол.