×

Түркияда жүрген қазақстандық құтқарушылар өз жұмысын аяқтады

10 күн ішінде олар 8 адамды үйінді астынан алып шыққан

 Еркеғали Болатұлы 17.02.2023 | 11:45
t.me/qr_tjm

Алапат зілзаладан соң Түркияда 10 күн бойы іздеу-құтқару шараларын жүргізген қазақстандық құтқарушылар өз жұмысын аяқтады.

Алдымен Нұрдағы қаласындағы 35 құтқарушы өздеріне тапсырылған учаскеде барлық жұмыстарды бітірген. Олар үйінді астынан 3 адамды алып шықты.

Одан кейін Газиантеп қаласындағы құтқарушы топ та жұмысын аяқтап, техникалары мен құрал-саймандарын жиыстырып жатыр. Газиантеп қаласында құрылған жылжымалы аурухана да жиналды. Дәрігерлеріміз 140 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Оның 17-сы – бала.

Жалпы, 10 күн ішінде біздің құтқарушылар 8 адамды үйінді астынан алып шыққан. Ертең олардың алғашқы легі елге орала бастайды.

Берілген тапсырмаларды орындап, жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Қолымыздан келгенше күшіміздің бәрін салдық. Құтқарушыларымыз күні-түні кезекшілікке бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Өте қауіпті жұмыс. Өздеріңіз де басқа мемлекеттердің, осы түрік елінің құтқарушыларының да жарақат алғанын көріп жатырсыздар. Тәртіптің арқасында осы жұмысты аман-есен аяқтадық, - дейді ҚР ЖМ бірінші орынбасары Ибрахим Күлшімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама