×

Астанада 60-жылдардағы тозығы жеткен үйлер әлі тұр

Министрлік 119 үйді 2029 жылға дейін сүру жоспарланғанын алға тартты

 Еркеғали Болатұлы 17.02.2023 | 09:56
фото: inbusiness.kz

Елордада 200 үй тұруға жарамсыз. Бірінің әйнектері сынып, енді бірінің қабырғасы құлап, опырылып жатыр. Қауіпті баспананың 59-ы алдағы 5 жылда бұзылуға тиіс.

Қаладағы екі қабатты ескі үйлер 60-жылдары тұрғызылған. «Астана» телеарнасының хабарлауынша, онда тұрып жатқандардың дені – пәтер жалдаушылар. Өйткені апатты болғаннан кейін үйдің жалдамалы құны басқаларға қарағанда әлдеқайда арзан.

Есілдің сол жағалауы қарқынды дамып, заманауи ғимараттар бой көтеріп жатқанмен оң жағалауындағы ескі үйлердің мәселесі әлі өзекті. Бірақ біртіндеп жүзеге асырылатын жұмыстар аясында бұл проблеманың да күрмеуі шешіледі дейді жауаптылар.

2022 жылы республика бойынша 114 үй сүрілді. 2029 жылға дейінгі жоспар бойынша Астана қаласынан 119 үйді сүріп, тұрғындарын жаңа үймен қамтамасыз етпекпіз, - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бас сарапшысы Нұрбол Көкенов.

Еске сала кетсек, мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана бас қаладағы сапасыз үйлерді сынға алып, атқарушы органдарға оларды бұзуды тапсырған болатын.

Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет, - деген еді сонда президент.

Жалпы жоспар бойынша 2029 жылға дейін республика бойынша 1,5 мың үй бұзылуыға тиіс. Ал ондағы 40 мыңға жуық тұрғын жаңа үймен қамтамасыз етіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама