Кадрлық тағайындаумен келіспеген 210 курсант оқу орнын өз бетінше тастап кеткен
Олар бұрынғы факультет басшысын қайтаруды сұраған
2021 жылдың 1 желтоқсанында сағат 18:00-ден кейін Құрлық әскерлері әскери институтының төртінші курсында білім алып жүрген 210 курсант оқу орнын өз бетінше тастап кеткен.
Бүгін сағат 09:00-де барлық курсанттардың барлығы сабағында болды. Бұл жағдай курсанттардың ата-анасына хабарланған.
Институт бастығы генерал-майор Дулат Адырбеков курсанттардың институтты өз бетімен тастап кетуін кадрлық тағайындаумен келіспеуден, яғни факультет (курс) бастығының ауысуымен байланысты, сонымен қатар олар бұрынғы басшыны қайтаруды сұрайды деп түсіндірді, - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Аталған факті бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары - генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылық етуімен комиссия тергеуді бастады.