Қазақстанда шекарашылар тозған ғимаратта жұмыс істеп жүр
Бұл жағдай олардың психологиясына кері әсерін тигізіп жатыр
Елімізде шекарашылар тозған ғимаратта отыр. Олар жұмыс істеуі үшін тиісті жағдай жасалуы керек. Бұл туралы Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту қажет. Бүгінде 251 шекара бөлімшесінің тек 106-сы типтік кешенде, ал 145-і су, газ және электр қуатына қатысты проблемалары бар ғимараттарда орналасқан. Осыған байланысты шекара қызметінде жүргізіліп жатқан реформалар мен әскери қызмет өткерудің жағдайын жақсарту бойынша қабылданған шараларға қарамастан, бұл проблемалар шекарашылардың моральдық-психологиялық жағдайына әсер етіп отыр, - деді Жанболат Жөргенбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін 2020 жылы тиісті жол картасы құрылып, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжат дайындалған. Алайда пробелама әлі шешілмеген.
Мемлекеттік шекара қызметінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссиямен тексеруді, «Жол картасына» енгізілген шекара басқармасының ғимараттары мен объектілеріне қатысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын қайта қарауды және шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын тиісті бағдарламалық құжаттар аясында жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп іске асыруды қамтамасыз етуді ұсынамын, - деді депутат.