Елімізде алғаш рет мұзда жүгіруден халықаралық жарыс өтеді

Дастан Жұмабекұлы

Мәреге жеткен спортшылардың бәрі жүлдесіз қалмай, марапатталады

фото: ашық дереккөз

19 ақпанда елімізде алғаш рет «Бурабай» ұлттық саябағында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС, «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі мен «Rebel Running» ЖК-ның ұйымдастыруымен мұзда жүгіруден «BURABAY ICE 2023» халықаралық жарысы өтеді.

«Бурабай-Даму» ЖШС бас директорының орынбасары Қасымжан Кенжешовтің айтуынша, жарыстың мақсаты – Бурабайдың әсем табиғатын жұртшылыққа насихаттай отырып, туристердің қызығушылығын арттыру, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттау.

Жарыс бірнеше қашықтықта, яғни 7, 14 жəне 21,1 шақырым жүгіру немесе 7 шақырым скандинавиялық жүріс бойынша өтеді. Оған кез келген жастағы спортшылар мен жастар қатыса алады. Бүгінге дейін 200-ден аса спортшы тіркелді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Африка, Еуропа елдерінің, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшылары мен еліміздің барлық облыстарының спортшылары бар. Тіркеу әлі жалғасып жатыр.

Жарыс 19 ақпан күні сағат 10.00-де Бурабай көліндегі Қайық станциясында басталады. Мәреге жеткен спортшылардың бәрі жүлдесіз қалмай, марапатталады.