Павлодар әуежайына Қаныш Сәтбаевтың атын беру ұсынылды
Ғалымның мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілуге тиіс
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Павлодар әуежайына академиктің атын беру керек. Бұл туралы Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министрге жолдаған сауалында сенатор ғалымның мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, шаралар жоспарын қарау және бекіту үшін мемлекеттік комиссия құру керек.
«Ғалымның туған елі – Павлодар қаласының аэропортына академик Қаныш Сәтбаевтың атын беруді және алғашқы академиктің 10 томдық толық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындауды және энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығаруды ұсынамыз», - деді Алтынбек Нухұлы Сенаттың жалпы отырысында.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы Сәтпаев музейлерін заманауи талаптарға сәйкес келтірген жөн екенін еске салды.
Қаныш Сәтпаевтың туған жерінде мемориалдық кешен және бұған дейінгі депутаттық сауалда көтерілген 30 шақырым болатын туристік жолды салуды бастау маңызды, - деді сенатор.