×

Заңда оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігі туралы бір ауыз сөз жоқ – сенатор

Нұртөре Жүсіп мектептерде қауіпсіздікті сақтау үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды

 Дәурен Ерболат 16.02.2023 | 14:42
Фото:parlam.kz

«Білім туралы» заңда оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында сенатор Қазақстандағы мектептердің қауіпсіздігі формальды және қарабайыр түрде жүргізілетінін атап өтті.

Ол Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, 3 баланы жарақаттағанын еске салды.

«Бұл төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын-ала оқшаулау ескерілмейді», - деді Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.

Оның пікірінше, көпсатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек.

Әлемде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болсын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен Қытайда мектепке тек оқушының да ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады.

Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфелдер тексеріледі. Жылына 2 рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», - деді депутат.

Нұртөре Жүсіп «Білім туралы» заңда оқушылар мен ұстаздардың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоғын да атап өтті.

Сізден (Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан – автор) еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз, – деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Петропавлдағы жағдайдан соң еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздігі тексерілетінін хабарлаған

Сондай-ақ Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавлдағы мектепте болған оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне, Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктеріне арнайы тапсырма берген.

Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, 3 оқушы жарақат алған мектепте мамандандырылған күзет қызметі болмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама