Украина әскерлері Бахмутты тастап шығудан бас тартып отыр

Дастан Жұмабекұлы

АҚШ көктемгі шабуылға дайындалуға шақырды

фото: ашық дереккөз

Украина Қарулы күштерінің Бахмут үшін соғысып жатқан бөлімшелері Батыстың табанды талабына қарамастан, қаланы тастап шығудан бас тартып отыр. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) Бахмуттан кетпеу Украина күштерінің көктемде қарсы шабуылға шығуға дайындалуларына кедергі келтіре алмайтынын хабарлады.

Соғысты зерттеу институты Батыс Украинаның Бахмутқа қатысты шешіміне алаңдаушылық білдіруді жалғастырып отырғанына тоқтала келіп, бұған аса қатты мазасызданбау керектігін алға тартты. Атап айтқанда, Washington Post газеті америкалық мамандардың украин күштері бір мезгілде Бахмутты қорғап, сосын көктемгі қарсы шабуылды бастап кетуі қиынға түсетінін сөз етіп отырғанын жазады. Сондықтан олар Украинаны Бахмутты тастап шығып, жаңа шабуылға дайындалуға шақырған.

Дегенмен ISW Украинаның Бахмутты қорғауды жалғастыру жөніндегі шешімінің стратегиялық маңызы бар деп есептейді.

Бахмут қорғанысы Ресейдің «Вагнер» компаниясының айтарлықтай көп бөлігі мен әуе-десант күштерінің едәуір құрамын осы жерге жіберуге мәжбүр етіп отыр. Украина қорғанысы Бахмутта Ресей күштерін айтарлықтай әлсіретіп тастады. Мүмкін осы жайт Украинаның алдағы қарсы шабуылына қолайлы жағдай туғызатын шығар, – деп атап өтті институт сарапшылары.

Ал Ресей БАҚ-тары тарапынан бұған дейін Бахмутты «Вагнер» жеке әскери компаниясы содырларының басып алғаны туралы бірнеше жалған ақпарат жарияланып кетті. Соңғы күндері де осындай бірнеше хабар тарады. Бұған сол компанияның құрылтайшысы Евгений Пригожиннің өзі арнайы жауап берді. Мұндай жалған хабарлар оны да әбден ашындырған сияқты.

Мен осындай сөздердің қайдан шыға беретінін түсінбеймін. Жау барлық бағыт бойынша белсенді ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр. Қорғанысқа қайта-қайта жаңа резервтер әкелуде. Күн сайын 300-ден 500-ге дейін жауынгер келеді. Олар Бахмуттың барлық бағыттарында тұр. Артиллериядан соққы беру де күн сайын күшейіп жатыр. Қазір екі жақ солтүстікте өте ауыр ұрыс қимылдарын жүргізіп отыр, – деді ол.

Жалдамалылардың басшылары Украина Қарулы күштерінің ешқандай да қоршауға алынбағанын, ондай мүмкіндіктің де жоқ екенін, тіпті жақын арада Бахмутты алудың да орайы келмейтінін ашып айтты.

…Жақын күндерде ешқандай той болмайды. Сондықтан өздеріңнің орындалмаған уәделеріңді орындалды деп жұрттың бәрін жынды етіп қойғандарыңды тоқтатыңдар, – деді ол.

Қазір Бахмут үшін кескілескен шайқас болып жатыр.