Кеңес Рақышев жас боксшыларға қомақты сыйақы табыс етті
Боксшылар мен олардың жаттықтырушылары 20 миллион теңге алды
Бүгін Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев боксшыларға қомақты сыйақы табыс етті.
Ол былтыр Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған боксшылар мен жүлдегерлерге қошемет көрсетті. Кездесуде жүлдегерлердің жеке жаттықтырушылары да назардан тыс қалмады. Боксшылар мен олардың жаттықтырушылары 20 миллион теңге алды.
Біздің жастар құрамасы Испанияда жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны бойынша үшінші орын алдық. Арада көп уақыт өтсе де жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсіресе, әйелдер боксындағы нәтижелер ерекше қуантады. Бокс біздің ұлттық спортымызға айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп атыңды шығаруға болады. Жақсы ақша таба аласың, – деді Кеңес Рақышев.
Федерация президенті әлем чемпиондары Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) 3 млн теңгенің сертификаттарын берді. Күміс жүлдегерлер Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) 1,5 млн теңгеден алды. Қола жүлдегерлер Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) мен 81 келіден аса салмақтағы Әсел Тоқтасын 1 млн теңгеге ие болды.
Чемпиондардың жеке жаттықтырушылары Нұрбота Сейітбек пен Бағлан Омарбековке 500 мың теңгеден берілді.