Жергілікті тұрғындардың бірі онда ұлдарға теріс бағытта діни уағыз айтылады деп отыр
Алматы облысында 4 оқушы астан уланып, ауруханадан бір-ақ шықты. Олар – Ұзынағаш қаласындағы «Саурық» қайырымдылық мекемесінде тұратын аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. 14 жастағы жеткіншектер дәрігерлерге тез дайындалатын кеспені тәрбиеші бергенін жеткізген, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Бірақ мекеме басшылығы балалардың сөзін жоққа шығарды. Қазір бұл жағдайға қатысты тексеру басталып кеткен. Оған қоса, жергілікті тұрғындардың бірі бұл қайырымдылық мекемесінде ұлдарға теріс бағытта діни уағыз айтылады деп отыр.
Төрт бала Жамбыл ауданының ауруханасына жеткізілген. Бәрі бірдей астан уланыпты.
Балалар «кешкі асты өздері берді» дейді. Олар басы ауырып, іші өтіп, әлсізденіп, құсқанына шағымданды. Балаларға жедел көмек көрсетіліп, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Емдеу дәрігері хабарласқанда, балаларды жетекшісі, ата-аналары іздеп келген жоқ, - деді Жамбыл ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзада Арынова.
Жалпы, «Саурық» қайырымдылық мекемесінде аз қамтылған отбасынан шыққан тек ер балалар тұрады екен. Мекеме басшысы «кеспені өздері әкелген» деп тәрбиешіге шаң жуытпаған.
Олар өздері әкеліп жеген екен, хабарымыз да болған жоқ. Сосын таңертең ауырып тұрмыз дегеннен кейін жедел жәрдем шақырған едік. Ата-аналары хабардар. Біз сенімхатпен алғаннан кейін бүкіл дәрі-дәрмегі, қаражаты бәрін апарып, өзіміз көмектесіп жатырмыз, - деді «Саурық» қайырымдылық мекемесінің директоры Құсайын Қасымбеков.
Бұл орталықтың ашылғанына 4 жыл болған. Бірақ оқушылардың жатын бөлмесіндегі жағдай да мәз емес. Қабырғасы көгеріп кеткен. Бөлме салқын. Қайырымдылық мекемесі екенін маңдайшасы ғана айғақтап тұр. Сырты сыланбаған үй көзге бірден түсе қоймайды.
Ал тілшілер бір тұрғын «секта» деп атаған мекеменің жұмысы туралы білмекке аудандық әкімдікке барған. Ондағылар оның ресми тіркелген орталық екенін растады. Дегенмен соңғы жағдайға байланысты қосымша тексеріс жүргізгелі жатыр.
Өзіміздің тарапымыздан, діни басқармадан, теологтар тарапынан қосымша тексереміз. Осы мәселені санитарлық-эпидемиологиялық департамент тарапынан бақылауға аламыз, - деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.
Уланған 4 бала қазір жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Үш күнде шығуы мүмкін. Ал тексеру қорытындысы бойынша «Саурық» мекемесінде уланғаны расталса, басшылығы заң жүзінде жауапқа тартылады.