«Ұлттық қор – балаларға»: ата-аналар ақшаны онлайн бақылай ала ма?

Дәурен Ерболат

Ақшаны тек 18 жасқа толғанда алуға болады

Фото: Getty Images

2024 жылы Қазақстандағы барлық балаға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық табысын ата-аналар онлайн бақылай алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу тәсілдерін әзірлеген. Осы жұмада жобаға қатысты түзетулер Парламенттің қарауына енгізіледі.

Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың 50%-ы Қазақстандағы барлық балаға бірдей мөлшерде бөлінеді. 2024 жылғы қаңтарда (Ұлттық қордағы ақша, – автор) еліміздегі әр баланың шотына шартты түрде түседі. Шартты түрде дегеніміз – бұл ақшаны балалар 18 жасқа толғанға дейін ала алмайды. Керек түзетулерді заңнамаға енгіземіз. Қордағы ақша (инфляция жағдайында, – автор) құнын жоғалтпайды. Өйткені ондағы бүкіл салым доллармен сақталады. Бала 18 жасқа толғанда барлық ақшаны доллармен алады, - деді Дәурен Темірбеков.

Вице-министр ата-аналар қордағы ақшаны онлайн бақылай алатынын да жеткізді.

Әрине, әр ата-ана өз баласының шоттағы ақшасын бақылай алады. Жобаның операторы –  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Қордың ресми сайтында (тиісті ақпарат, – автор) орналастырылады. Әділет министрлігімен осы мәселелерді пысықтаймыз. eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы да ақпаратты көруге мүмкіндік береміз, - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол отбасында қайғылы жағдай болса, қалған балаларға ақша қалай берілуі мүмкін деген сұраққа жауап берді.

«Мысалы, отбасында 2-ден көп бар делік. Құдай сақтасын, алайда оның біреуі қайтыс болса, Ұлттық қордағы жинақталған ақшаны осы отбасындағы балаларға бөліп беру мәселесі қарастырылып жатыр», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Темірбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақшаның қалай берілетіні түсіндірілген еді.