Halyq Uni логотип
×

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев бостандыққа шықты

Қазір біз үйге барамыз, – деді атын атамауды өтінген отбасы мүшесінің бірі

 Дастан Жұмабекұлы 14.02.2023 | 16:26
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев бостандыққа шықты
фото: ашық дереккөз

Қырғыз Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаев бостандыққа шықты. Оған Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының шешімімен емделу үшін шет елге шығуға рұқсат берілді.

Алмазбек Атамбаев 2020 жылдың маусым айында 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол Бішкек маңындағы колонияда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен 16 жыл 8 айға сотталған қылмыс әлемінің авторитеті Азиз Батукаевтың мерзімінен бұрын түрмеден шығуына көмектесті деген айыппен сотталды.

2013 жылы Батукаев медициналық комиссияның қорытындысы бойынша түрмеден босатылып, оған қан қатерлі ісігінің соңғы сатысы диагнозы қойылған еді. Бірнеше сағаттан кейін ол жаңа төлқұжат алып, елден кетіп қалған. Тергеудің мәліметіне қарағанда, оны босатуға жоғары лауазым иелері, оның ішінде экс-президент Алмазбек Атамбаев қатысқан. Оларға «ұйымдасқан қылмыстық топтың мүддесі үшін сыбайлас жемқорлықты ұйымдастырды» деген айып тағылған.

2020 жылдың маусымында Бішкек аудандық соты Алмазбек Атамбаевты қылмыскер Азиз Батукаевты заңсыз босатқаны үшін кінәлі деп тапты. Экс-президенттің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградаларынан айырылып, 11 жыл 2 айға сотталды. Екі жылдан кейін Атамбаев екі қылмыстық істен ақталды. Алайда кейін Жоғарғы сот өз шешімін бұзып, экс-президентке қайта айып таққан.

Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының төрағасы Темірлан Сұлтанбековтің айтуынша, Атамбаевқа екі ота жасалады. Экс-президенттің бостандыққа шыққанын оның отбасы мүшелері де растады.

Бүгін бостандыққа шықты. Қазір біз үйге барамыз, –  деді атын атамауды өтінген отбасы мүшесінің бірі.

Еске сала кетсек, Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама