Halyq Uni логотип
×

Түркиядан оралған құтқарушыларымыз марапатталады – Тоқаев

Біздің отандастарымыз бірнеше адамды аман алып шықты, – деді президент

 Дастан Жұмабекұлы 14.02.2023 | 14:02
Түркиядан оралған құтқарушыларымыз марапатталады – Тоқаев
фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары алдында сөз сөйлеп, еліміздің амандығы мен қауіпсіздігін сақтауда құтқарушыларға зор сенім мен үлкен жауапкершіліктің жүктелетінін атап өтті.

Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік.

Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер-жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды, – деді ол.

Сонымен бірге президент Түркияда болған алапат апаттың кесірінен мыңдаған адамның қаза тапқанын, елімізден бауырлас мемлекетке құтқарушылар мен тиісті көмектің жіберілгенін, алдағы уақытта да қосымша көмектің жеткізілетінін атап өтті.

Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты, –  деді президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтып, Анадолы елінен аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтынынан хабардар етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама