Еліміздің үздік теннисші күзден бері жеңілістен көз ашпай келеді
Теннистен еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик халықаралық турнирде тағы да жеңіліп қалды. Ол Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан турнирде бірінші айналымнан шыға алмай, қарсыласы – швейцариялық Стэн Вавринкадан 6:7, 4:6 есебімен ұтылды.
Осылайша, Бублик қатарынан оныншы рет жеңіліп отыр. Биыл Қазақстанның үздік теннисшісі әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Ол соңғы рет былтыр 27 қазанда Швейцарияның Базель қаласында өткен турнирде 1/8 финалда испаниялық Альберт Рамос-Виноласты 6 :3, 6:3 жеңген еді. Содан кейін 4 айдан бері жеңілістен көз ашпай, қарсыластарына есе жіберіп келеді.
Мұның алдында ол Францияның Монполье қаласында өткен АТР турнирінде алаң иесі Грегуара Баррердан 4:6, 7:6(14:12), 6:7(3:7) есебімен жеңіліп, жанкүйерлердің көзінше мінез көрсетіп, бір ракеткасын кортта, тағы екеуін алаңның сыртында сындырып тастаған болатын. Оның бұл әрекеті жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады.
Бублик Дүниежүзілік теннис қауымдастығының рейтингінде 50-орында келеді.